БАЛАНЫ МЕКТЕПТЕ ОҚЫТУҒА БЕЙІМДЕУ

 
1-сынып оқушылардың ата-аналарына арналған кеңестер

Бірінші кеңес:

Балаңызға беру қажет нәрсенің ең маңыздысы – бұл сіздің ықыласыңыз. Шыдамды болыңыз: оның мектеп туралы айтатын әңгімелерін зейін қойып тыңдаңыз, нақтылайтын сұрақтар қойыңыз. Есіңізде болсын: сіз үшін онша маңызды емес нәрсе, сіздің ұлыңыз немесе қызыңыз үшін сол күнгі толқуға толы оқиға болып шығуы мүмкін! Өз балаңызды зейін қойып тыңдаңыз: сонда балаға сіздің қандай көмегіңіз керектігін, мұғаліммен не туралы сөйлесу қажеттігін, сіз онымен мектеп жанында қоштасқаннан кейін баламен шын мәнінде не болатындығын түсіне аласыз. Мектеп оқушысына ананың да, әкенің де ықыласы қажет. Осыған үй тірліктерімен, теледидар қараумен немесе компьютермен «сөйлесумен» араластырмай, арнайы ол үшін уақыт бөлуді ұмытпаңыз. Егер бала сіздің оның істері мен жұмыстарына көңіл бөлгеніңізді көрсе, ол міндетті түрде сіздің қолдауыңызды сезінеді.

Есіңізде болсын!

«Балаңыз теріс қылықтар жасап, махаббатқа лайық болмаған кезде аса зәру болатыны - сіздің махаббатыңыз, сіздің мейіріміңіз»

 (поляк педагогы, жазушы Януш Корчак)

Екінші кеңес:

Баланың мектеп оқушысы болу талпынысын қолдаңыз, оқуға деген  ықыласын дамытыңыз және көтермелеңіз. Балаңыздың мектептегі істері мен жұмыстарына деген  қызығушылығыңызды шын жүрекпен білдіріңіз. Оның жетістіктерін айтып отырыңыз, мақтауға сараң болмаңыз. Оның әрбір жұмысында міндетті түрде оны мақтауға болатын нәрсе тауып отырыңыз.

Есіңізде болсын!

Мақтау мен эмоционалдық қолдау («Жарайсың!», «Сондайжақсы орындадың!») баланың зияткерлік жетістіктерін арттырады.

Үшінші кеңес:

Балаға жаңа өмір тәртібіне дағдылануға көмектесіңіз. Баламен ол мектепте кездескен ережелер мен нормаларды талқылаңыз. Олардың қажеттілігі мен жөнділігін түсіндіріңіз. Балаңызбен бірге күн тәртібін құрыңыз, оның сақталуын қадағалаңыз. Күн тәртібі бірінші сынып оқушысының өмірінде аса маңызды. Баланың өмірінде жинақылықты, тәртіптілікті қажет ететін жаңа міндеттер пайда болды-күн тәртібі еңбек пен демалысты дұрыс үйлестіруге, жаңа өмір жағдайларына үйренуге көмектеседі.

Баланың үй тапсырмасын орындау ұзақтығын (бірінші сыныпта – оқуды қоса алғанда 1-1,5 сағат), сондай-ақ ұйқы уақытын (толыққанды демалу үшін ұйқы тәулігіне 9-10 сағаттан кем болмауы тиіс) бақылаңыз.

Есіңізде болсын!

 

Күн тәртібінде қозғалысы аз әрекет түрлерін белсенді қимыл әрекеттерімен, зияткерлік және дене әрекеті түрлерін алмастырып отыру қажет. Қаралатын телебағдарламалардың санының (және сапасының) және компьютерде ойын ойнау уақытының азайтылуын қадағалаңыз.


Төртінші кеңес:

 

Баланың мектепжұмыстары мен қиыншылықтарына қатысты сабырлылық сақтай біліңіз. Бала мектептен келді– оны сұрақтың астына алуға асықпаңыз, өзін еркін ұстауға мүмкіндік беріңіз. Егер оның ренжіп тұрғанын көрсеңіз, кейінірек сабырлы әңгіме барысында оның мазасыздығының себебін білуге тырысқан дұрыс.

Есіңізде болсын!


Бала үшін бірнәрсе істей алмау, бірдеңені білмеу – бұл қалыпты жағдай. Ол сол үшін де баланы – бұл үшін кінәлауға болмайды. Кінәлау баланың өз-өзіне бағасын түсіреді, өзіне деген сенімділікті жоғалтады.
Баланың қателесуге құқығы бар. Сіздің балаңыз мектепке оқу үшін келді. Адам бірдеңені үйренгенде, бірден меңгеріп кетпейді, бұл табиғи нәрсе. Ата-анасының байсалдылығын, сенімділігін көргенде, бала мектептен қорықпау керектігін сезінеді.

 

Бесінші кеңес:


Балаңызға құрдастарымен қарым-қатынас орнатуға және өзін сенімді сезінуге көмектесіңіз. Көпшілдігі үшін балаңызды мақтаңыз, оның мектептегі барлық жаңа таныстықтарына қуанышты екендігіңізді айтып білдіріңіз. Онымен құрдастарымен араласу ережелері туралы сөйлесіңіз, балаңызға басқалар үшін қызықты болуға көмектесіңіз. Оған жаңа ойындар үйретіңіз, оны жаңа достарына көрсете алады. Балаңыздың сыныптастарын үйіңізге шақырыңыз — қарапайым шай ішу, ал кішкентай үй иесі қонақ күтуді үйренеді. Балаңыздың мектептегі жолдастарының көңілін қымбат ойыншықтармен немесе киіммен «сатып алу» дұрыс емес. Бұлай сіздің балаңыз өзінен-өзі басқаларға қажет болуды үйренбейді. Сіздің ұлыңыз немесе қызыңыз сыныптастарының іштарлығына, құптамауына ұшырауы мүмкін.

Есіңізде болсын!

Өзіне сенімді, көпшіл бала кез-келген жағдайға тезірек әрі байсалдырақ бейімделеді.


Алтыншы кеңес:

Өз балаңыздың мектептегіжетістіктерінеқатысты парасатты бола біліңіз. Өз балаңызды мектеп күнделігінің қосымшасына айналдырмаңыз. Мектептегі жетістіктер, әлбетте, маңызды. Бірақ бұл – балаңыздың бүкіл өмірі емес. Мектептегі баға — балаңыздың осы уақыттағы осы пәннің осы тақырыбы бойынша білім көрсеткіші. Ол баланың жеке тұлғасына мінездеме бермейді!  Өз балаңызды басқа оқушылармен салыстырмаңыз. Балаңызды мектептегі жетістіктері үшін мақтаңыз және есіңізде болсын, ешқандай «бестіктер» саны балаңыздың бақытынан маңызды бола алмайды. Балаңыздың алғашқы сәтсіздіктеріне сіздің үмітіңіздің күйреуі деп қарамаңыз.

Есіңізде болсын:

Сіздің балаңызға оған сенім артқаныңыз, ақылды көмегіңіз, қолдауыңыз өте қажет.

Жетінші кеңес:

Балаңызға біріншісыныптың біріншіжартыжылдығында артық жүк артпауға тырысыңыз. Балаңыз мектептен келе салысымен бірден үй тапсырмасына отырғызған дұрыс емес. Оған 2-3 сағат демалыс беріңіз, немесе, мүмкін болса, балаға 1,5 сағаттық күндізгі ұйқы ұйымдастыруға тырысыңыз. Бала сабағын дайындап отырған кезде, оның жанында төніптұрмаңыз. Сабақтарына өзі дайындалсын! Сіздің міндетіңіз орындау емес, көмектесу. «Мүмкін емеске қол жеткізуге» тырыспаңыз! Балаларыңызды қосымша сабақтар: музыка, шетел тілі, бассейн, мәнерлеп сырғанау, сурет өнері және т.с.с үйірмелерге беріп, одан «кішкентай ұғымтал» жасауға тырыспаңыз. Бала бұндай жағдайда өзіне қожайын емес, ол үшін басқалар шешім қабылдайды, оның үстіне, кейде оның қалауына қарсы, оның қызығушылықтары, тілегі мен күші ескерілмейді. Сабақтардың уақыты бойынша да, саны бойынша да ұтымды мөлшерлеу табыңыз. Бұл жерде асыра сілтеу оңай. Ал нәтиже қандай болмақ? Кейде ол қауіпті, себебі бала үлкендердің нұсқауы бойынша орындалатын нәрселерді үнсіз жек көре бастайды, және көшеге еркіндікке, ешкім бақыламайтын жаққа қарай ұмтылады.

Есіңізде болсын:

Бала танымы тұрғысынан қараңыз. Оны қызықтыруға, еліктіруге тырысыңыз, мәжбүрлемеңіз, күштемеңіз.

Оқушылар мен олардың ата – аналарына ҰБТ-ға  тестіне

психологиялық даярлауға ұсыныс

 

Балалардың емтиханға дайындалуына қалай көмектесеміз?

  1. Баланың емтиханнан алатын балының  саны жөнінде алаңдамаңыз, баланы емтиханнан кейін сөкпеңіз, жазаламаңыз. Балаға алған балдың жиыны оның жалпы мүмкіндігінің  көрсеткіштері болмайтындығы жөнінде сенім қалыптастырыңыз.
  1. Баланың емтихан алдындағы мазасыздануына жол бермеңіз - бұл тестілеу қорытындысына теріс ықпал етуі мүмкін.  Балаға ата –ананың толқуы әсер етеді, егер ересектер жауапты шақта өзінің көңіл - күйлерін, эмоцияларын меңгере алса, бала да жас ерекшелігіне байланысты өзін орнықты ұстай алады.
  1. Балаларды жақсы істері үшін мадақтап, қолдау көрсетіп қойыңыз.
  1. Олардың өзіне деген сенімін көтеріңіз, себебі бала неғұрлым сәтсіздіктен қорықса, соғұрлым қателіктер жіберу мүмкіндігі артады.
  1. Үйде сабаққа дайындалатын орынмен қамтамасыз етілуін қадағалаңыз, үйдегілердің кедергі келтірмеуін бақылаңыз.
  1. Баланың тамақтануына назар аударыңыз.  Жоғары ақыл-ой жұмысы кезінде оған ас мәзірінің көп түрлігі және витаминдер кешені қажет.
  1. Баланы емтиханға даярлық әдістемесімен таныстырыңыз. Барлық материалдарды жаттап алудың қажеті жоқ, негізгі моментерді қарап шығып, материалдың мәнісі мен логикасын түсіну жеткілікті. Қысқа кестелер, схемалар жасап алу пайдалы. Негізгі формулалар мен анықтамаларды бетке жазып, жазу столының тұсына, ас бөлмеге  іліп қоюға болады.
  1. Емтихан алдында баланы толық демалумен қамтамасыз етіңіз. Ол жақсы демалып, ұйқысы қануы тиіс.

Есіңізде болсын: ең негізгісі - баланың алаңдаушылығы мен қорқынышын басу және сабаққа дайындалуына  лайықты жағдай жасау.

 

Оқушыларға кеңес

 

ҰБТ – ға қалай дайындалу керек?

 

-Алдымен дайындалатын орын даярла: Столдан барлық артық заттарды алып таста, қажетті оқулықтарды, дәптерді, қағаз, қарындаштарыңды дұрыстап жинақтап алып, орналастыр.

-Бөлме іштеріне сары және күлгін түстерді енгізуге болады. Олар интеллектуалды белсенділікті арттырады.

-Дайындық жоспарын жаса. (күн тәртібіне қой) Алдымен сен «үкі» немесе «бозторғай»  -дың қайсысы екендігіңді анықта.Осыған байланысты таңертеңгілік немесе кешкі уақытты пайдалан.Әрбір күнге жоспар жасай отырып, бүгінгі күні нені оқитындығыңды анықта.

 

-Сабаққа дайындықты демалумен кезектестір. Мысалы: 40 минут дайындал сосон 10 минут үзіліс жаса. Бұл уақытта ыдыс жуумен, гүл суару сияқты жұмыстармен айналысқан жөн.

-Қолыңа секундомер алып жаттық, тесті орындау уақытын белгіле.(Әр тапсырманы орындауға 2 минут кетеді)

-Емтиханға дайындала отырып, тапсырманы орындай алмайтындығың жөнінде ешқашан ойлама, керсінше, өзің бәрін орындап шығып, қуанатындығыңды  ойша көз алдыңа келтір.

-Емтихан алдында барлық жауаптардың жоспарын қайталап, ең қиын сұрақтарға тоқталу үшін бір күн қалтыр.


Емтихан алдында

 

-Көпшілік емтиханға толық дайындалу үшін соңғы күн ғана жетпей қалды деп есептейді. Бұл дұрыс емес. Сен шаршадың, өзіңді қажытудың қажеті жоқ. Керсінше, таңертең өзіңді жақсы сезіну үшін кешке дайындықты тоқтатып, душ қабылда, таза ауада серуенде.

Себебі - емтихан бұл өзіңнің мүмкіндіктерің мен бейімділіктеріңді 

көрсететін  өзіндік күрес болып табылады.


Тест уақытында

 

-Тест басталарда сізге қажетті информацияны баяндайды. (бланкі  қалай толтырылады, қандай әріптермен жазасың, мектеп номерін қалай кодтайды т.б.) Сенің жауаптарыңның дұрыстығы осы ережелерді қалай орындауыңа байланысты.

-Жауаптар бланкісін сен тек баспалық әріппен толтырасың.

 

Тест орындаудың сәттілігі үшін қажет  жалпылама рецептілер:

-Назарыңды аудар. Тестілеудің бастапқы бөлімдерін орындаған соң (бланкі толтыру), өзіңе белгісіз сәттердің бәрін анықтаған соң айналадағыларды ұмытуға тырыс.

Сен үшін тапсырмалардың мазмұны және тест орындауға бөлінген уақыт қана маңызды болуы тиіс. Асықпай жылдамдат. Уақыт сенің  жауаптарыңның сапасына әсер етпеуі тиіс.

-Жеңілден баста. Ұзақ ойлауды қажет ететін сұрақтан көрі, өзің білетін сұрақтарға жауап беруден баста.

-Қиын немесе түсініксіз тапсырмаларды кейінге қалтыр, Есіңде болсын, сен артынан шешетін тапсырмалар кездесіп отырады.

-Тапсырманы аяғына дейін оқы.

-Өзің қарап отырған тапсырманы ғана ойла. Жаңа тапсырманы көрген кезде, алдында не болғаны жөнінде барлығын ұмыт. Әрбір жаңа тапсырманың балл алуға мүмкіндік екендігі жөнінде ғана ойла.

-Уақытты үнемде барлық берілген уақыттың үштен екісін барлық жеңіл тапсырмаларды орындауға жұмса.  Сосон ойлануды қажет ететін тапсырмаларға орал.

-Тексер. Өз жұмысыңды тексеріп, қателерді байқауға уақыт қалтыр.

-Ойлап, шеш. Жауабыңа күмәнмен қарасаң, жауаптың қайсысы дұрыс екенін индуктивті түрде анықта.

-Ренжіме. Барлық тапсырмаларды орындауға тырыс, бірақ, есіңде болсын іс жүзінде бұндай болмайды. Тест тапсырмалары қиындықтың ең жоғары деңгейіне есептелген, сондықтан сенің шешкен тапсырмаларың жақсы баға үшін жеткілікті болуы мүмкін.

Ми әрекетінің тиімді жұмыс жасауы үшін оқушының моторикасын дамыту қажет. Ол үшін тоқу, тігу және жапсыру жұмыстарын жасау арқылы жаттықтыру керек.